Контрафактілі өнімдер

СҰРАҚ:

Мен бейтаныс адамға контрафактілік дискіні 200 теңгеге саттым…

Мен 100-ге жуық туынды жазылған контрафактілі дискті бейтаныс адамға 200 теңгеге саттым, алайда маған ол бойынша авторлық қоғамнан 31 998 000 теңге және орындаушылық қоғамнан 80 000 теңге залал сомасы қойылды. Олардың әрекеттері негізді ме? Контрафактілі өнімдер бойынша залалды есептеу тәртібі қандай?

ЖАУАБЫ:

«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-бабына сәйкес, авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiсiнiң контрафактiлiк данасы – жасалуы, таратылуы немесе өзгедей пайдаланылуы осы Заңның ережелерiне не Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына орай авторлық құқықтың және (немесе) сабақтас құқықтардың бұзылуына әкеп соғатын туындының, жазылған орындаушылықтың, фонограмманың, эфирлiк және кәбiлдiк хабар тарату ұйымдары хабарының данасы. Сонымен қатар, Құқық иеленушiнiң рұқсатынсыз құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертiлген не авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын айналып өтуге мүмкiндiк беретiн заңсыз пайдаланылатын құрылғылардың көмегiмен жасалған авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiлерi де контрафактiлiк болып танылады.

Заңның 48-бабына сәйкес осы Заңда көзделген авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылық туындайды.

Туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты:
1. Автордың немесе өзге де құқық иеленушінің рұқсатынсыз туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын қолдану арқылы белгіленген шектеулерді алып тастауға бағытталған іс-әрекеттерді жүзеге асыруға;
2. Егер мұндай іс-әрекеттер нәтижесінде авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын пайдалану мүмкін болмаған не осы техникалық құралдар аталған құқықтардың тиісті қорғалуын қамтамасыз ете алмаған жағдайларда кез келген құрылғыны немесе оның компоненттерін дайындауға, таратуға, прокатқа беруге, уақытша пайдалануға беруге, импорттауға, жарнамалауға, оларды пайда табу мақсатында пайдалануға не қызмет көрсетуге;
3. Автордың немесе өзге де құқық иеленушінің рұқсатынсыз авторлық құқықтарды басқару туралы ақпаратты жоюға немесе өзгертуге;
4. Автордың немесе өзге де құқық иеленушінің рұқсатынсыз мүліктік құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертілген туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты оларды қайта шығаруға, таратуға, тарату мақсатында импорттауға, көпшілік алдында орындауға, жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлауға немесе эфирде беруге, жалпы жұрттың назарына жеткізуге жол берілмейді.

Заңның 16-б. 2-т., 37-б. 2-т. 2-т.ш. және 38-б. 2-т. 1-т.ш. сәйкес Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқықтары төмендегi әрекеттердi жүзеге асыру, рұқсат ету немесе жүзеге асыруға тыйым салу құқығын бiлдiредi: туындыны орындау (қайта шығару құқығы) және осы баптың тармақтарында көзделген өзге де әрекеттер.

Заңның 2-б. 19-т. сәйкес қайта шығару – туындылардың немесе сабақтас құқықтар объектiлерiнiң бiр немесе одан да көп тұрақты немесе уақытша даналарын кез келген әдiспен және кез келген нысанда, толық немесе iшiнара, тiкелей немесе жанама түрде дайындау.  Қайта шығару түрлері дыбыс немесе бейнежазбаны дайындау, екi өлшемдiк немесе үш өлшемдiк туындының бiр немесе одан да көп даналарын дайындау, сондай-ақ туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектiлерiн кез келген материалдық нысанда тұрақты немесе уақытша сақтау болып табылады.
Негізді түрде сонымен қатар «Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау туралы» ҚР Заңының 49-бабы 1-т. 6-т.ш. сәйкес авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауды сот: Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленетін ең төменгі жалақының 20(жиырма) мөлшерінен 50000 (елу мың) дейінгі ең төменгі жалақы мөлшеріне дейінгі сомада өтемақы төлеу жолымен жүзеге асырады.  Залалды өтеудің немесе кірісті өндiрiп алудың орнына өтемақы мөлшерiн сот айқындайды.

«2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңының 9-бабы 1-тармағына сәйкес 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап
бекітілген ең төменгі жалақы мөлшері 15999 теңгені құрайды.
Тиісінше сотпен анықталатын өтемақы мөлшері 319980 теңгеден 799 950 000 теңгеге дейін құрайды.
Осылайша, залал әрбір туынды бойынша жеке бағаланады, бұл ретте ең азы 20 АЕК, яғни 319980 теңге болып бағаланады. Сіздің жағдайыңызда 100 шығарма 31 998 000 тенге сомаға тең болады. Орындаушылар қоғамы келтірілген залалды басқа критерийлер бойынша бағалайды:
Яғни материалдық тасымалдағышқа жазылған әрбір фонограмма Орындаушының және фонограмма жасаушының құқықтары ескеріле отырып жеке бағаланады. Әрбір фонограмма бойынша дәл бағалау материалдық тасығыштың осы түрінің бөлшек бағасына қарай бағаланады. Мысалы: CDA немесе MP3 кеңейтілуімен СD-дискілерде жазылған фонограммалар 800 теңге сомаға бағаланады, өйткені бұл өнімнің шығарылуына немесе нарықтық бағаның ауытқуына байланысты осы форматтағы лицензиялық дисктердің бөлшек сауда бағасы 800 теңгеге тең. Сәйкесінше, DVD форматтағы туындылар немесе аудио бейне туындылар 1200 теңгеге тең, ол да сондай-ақ осы өнімнің өндірісіне не нарықтық бағаның ауытқуына қарай ауытқуы мүмкін.
Ерекше жағдайларда залал басқа негіздемелер бойынша бағалануы мүмкін, мысалы, қайта шығаруға берген құқық иеленушілермен аудио/бейне өнімдерін өндірушілердің және фонограмма жасаушылардың осы өнімді шығаруға шарттық қатынастары негізінде.
Бұл ретте материалдық тасығыштар болып табылатын дискілер емес, осы материалдық тасығыштарда жазылған туындылар контрафактілік деп танылатынын ескеру қажет. Осыған байланысты залал осындай тасығыштарда жазылған әрбір туынды бойынша тиісінше жеке бағаланады.